Федоров аудандық орталық кітапханасында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» атты тарихи сағат өтті. Іс-шараға құрметті қонақтар, ата-аналары мен туыстары қуғын-сүргінге ұшыраған Нальгиев Алихан Саварбекович, Недбайло Лидия Кондратьевна шақырылды. Іс-шара барысында бұл күннің тарихы мен себебі туралы ақпарат айтылды, қонақтар сөз сөйледі, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» және «Бес арыс» атты тақырыптық бейнероликтер көрсетілді, «Репрессия – өткеннің қасіреті» атты кітап көрмесімен таныстырылды.
«Аманат» партиясы аудандық филиалының төрағасы Батыржан Амантайұлы Өміртаев сол жылдардағы жауыздық пен цинизмге тарихи баға беріп, Қазақстанның барша жазықсыз құрбандарына қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға да тоқталды.
Алихан Саварбекович Нальгиев отбасының басынан кешкен қайғылы оқиғалары туралы естеліктерімен бөлісті. Қонақтар бірауыздан бұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу үшін достық қарым-қатынас пен адалдықты сақтауға ниет білдірді. Өткенді еске алу құрбандардың алдындағы борышымызды өтеу үшін ғана емес, қателіктерді қайталамау үшін де қажет.Іс-шара ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қоюмен аяқталды.